ҚАРИЯНЫҢ ЖАУАБЫ Орта жүздің аты шулы билері Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек пен қанжығалы Әлібек батыр ел аралап келе жатқанда оларға бір қария кездеседі. Жәнібек би қарияға мынадай сұрақ қояды: - Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді? - Ауыл ақсақалы шала болса, Жігіттері алты ауыз ала болса. "Ә" десе, "мә" дейтін, Жасы үлкеніне кішісі Сыйламайтын көңілі қара болса, Сол ауылдың берекесі кетеді,- дейді қария кісі. Сонда Қазыбек би тұрып: - Уа, ақсақал, үй берекесі қайтсе кетеді?- дейді. - Әйелі қабағын түйіп керілсе, Шай қойып беруге ерінсе. Ұлы ұрысқа сай болса, Келіні керіске сай болса. Қызы сумақай болса, Сол үйдің берекесі кетеді,- деген екен ақсақал. - Уа, ақсақал, не жақсы? - Атың жақсы болса, Тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса, Жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса, Досың маңына жиналып, Рахаттанар қонағың. - Ал, не жаман қария? - Атың шабан болса, Тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса, Ғұмырлық көрген тозағың. Әйелің жаман болса, Досың сенен безініп, Үйіңнен кетер қонағың. Қарияның жауабына риза болған билер еліне меймандыққа шақырып, ат мінгізіп, тон кигізген екен.

Теги других блогов: Қария Жәнібек Қазыбек