Бәрі қайдан тәтті болсын тағамның,
Бәрі қайдан сәтті болсын қадамның.
Қилы-қилы қиындыққа толы өмір,
Жан түбінде жинақталған содан мұң.
Қиындықтар қарамайды бас-көзге,
Қиналғаннан келер кейде жас көзге.
Талайым шығар, тап болдым мен әйтеуір,
Талай-талай тауқыметке жас кезде.
«Тауып бергін қымбат киім, бұйым» деп,
Мен анамның жеген жоқпын миын көп.
Қанша қабақ түйгенімен тағдырым,
Қамықпадым, қаймықпадым қиын деп.
Көрдім жолдың бұралаңын, еңісін,
Таңдамадым тақтайдайын, тегісін.
Қиыспайтын сыңарымдай боп кеткен,
Қиындықтар, қиындықтар мен үшін.
Сәтті болмай бәрі бірдей қадамның,
Сан сүріндім. Сабақ алдым содан мың.
Қиындықтар – енді ойласам ең ұлы,
Ұстазы екен, ұстасы екен адамның.
Адам болу – қиындыққа толы сын,
Біреу шалар, біреу берер қол ұшын.
Бостау едім, қашады мені, жасады,
Қарыздармын қиындыққа сол үшін.
Қиындықсыз білмес едім шынында,
Жеңіс пен қуаныштың құнын да.
Қайта-қайта қайрамаса мені өмір,
Кім біледі, мына ма едім сынында...
Қиындыққа көніп кеткен етім де,
Қиындықпен бар ғұмырым өтуде.
Туған елге туса бірақ қиындық,
Тұрам тура өкпек желдің өтінде!
// Нарша Қашағанұлы - Қиындықтар