Ерте ұқсам да мансап пенен тақ мәнін,
Шындық болды айдар етіп таққаным.
Жағыну мен жалпаюды жат көріп,
Тура айтып туғаныма жақпадым.
Әлсіз көрсем көмектестім дем беріп,
Барлық жанға басымды идім тең көріп.
Іштарлық та жасамадым көре алмай,
Кейінгіге беріп жатса шен, бөрік.
Талапты ерге қуат бердім қол созып,
Жүрдім талай тайталаста өрге озып.
Халық үшін басшылармен айқастым,
Адал жігіт атансам деп елде озық.
Тілеп жүрдім ағайынның бірлігін,
Бірлік болса туар деп бір нұрлы күн.
Көп жақсылар аспасын деп өзінен,
Жасап жүрді маған қарсы тірлігін.
Сезіп жүрдім, төзіп жүрдім бәріне,
Жас алжасар, ал, не жосық кәріге.
Көп алдында арымды адал сезінем,
Мені ұққанның рахмет бәріне.
Іске лайық болмайды ма мақтаным,
Қалай ғана тағылады аққа мін.
Еңбегімді еліме арнап жүрсем де,
Бағым жанып, бақыт кілтін таппадым.
Әлі де алға ұмтыламын үмітпен,
Саясаттың арнасына шығып кең.
Өмір-емен құлап басып қалмаса,
Шыдап жүрмін соққанына шыбықпен.
// Сабырғали Рысбаев - Бәріне де шыдаймын...