Жай кезде асау, тентектер,
Әйелін көрсе елпектер.
Қызыл кітапқа енеді,
Жақында ұстаз еркектер.
Мұғалім болу қандай сын?
Құрметтеу керек әрқайсын.
Мектепте жүрген еркекпен,
Кафеге бара алмайсың.
Бітпейді кейде сабағы,
Күзетші дағы болады.
Шақыра қалса қонаққа,
Ақшасы жетпей қалады.
Жаз болса құрылыс салады,
Екінші жұмыс табады.
Демалысты ол білмейді,
Бағам деп бала-шағаны...
Әдемі сөзге жылынып,
Жүргені ылғи жүгіріп.
Көңілін кейде көтерер,
Тиын-тебеннен бірігіп.
Тимеңіз оның арына,
Жаралған елдің бағына.
Пайдалануға болады,
Құрылыс жұмыстарына.
Қабырғаны да ақтайды,
Оларды бәрі мақтайды.
Отқа салсаң күймейді,
Суға салсаң батпайды.
Жоқ болса орны білінген,
Еңбегі ерен сіңірген.
Айлық түсіпті десеңіз,
Банкке қарай жүгірген.
Ауыр ойлардан арылмас,
Анау-мынауға жағынбас.
Олардан артық азамат,
Қыздарға сірә табылмас.
Сырыңды оған ашасың,
Олардан неге қашасың?
Мектептің қаһармандары,
Мұғалім еркек жасасын!!!
// Айнұр Жаппарқұлова - Еркек-мұғалім