Әке, мен сені сағынып жүрмін.
Кірпігіме жас тағынып жүрмін.
Жаныма зілдей өкпе-мұң артып,
Көрінген жанға шағынып жүрмін.
Әке, мен сені сағынып жүрмін,
Рухыңа ғана табынып жүрмін.
Қол үзіп сенен, арысым менің,
Батпандай бақтан қағынып жүрмін.
Қабағым сірә ашылмай қойды,
Жүзімнен шуақ шашылмай қойды.
Жұбатшы мені түсіме еніп,
Сағыныш дерті басылмай қойды.
Жұбатшы мені түсіме еніп,
Бағайын тағдыр ісіне көніп.
Ғажайып сәтке болайын куә,
Ғайыптың тылсым күшіне сеніп.
Өлімнің ащы дәмін-ай татар,
Өмірдің мынау заңын-ай қатал.
Біреуге ақыл дарымай жатса,
Жылуға біреу жарымай жатар.
Өмірде маған жақын жан едің,
Ақылын қосқан ақылман едің.
Өзіңмен күнді батырып, әке,
Өзіңмен таңды атырған едім.
Айламды талай асырған едім,
Берекеңді көп қашырған едім.
Асылық кейде жасасам білмей,
Сабырға мені шақырған едің.
Еркелігімді көтердің, пәлі-ай,
Қарызым көп-ақ!
Өтермін қалай!
Жер басып жүрсем өмірде тірі,
Рухыңа дұға етермін талай!
Әке мен сені сағынып жүрмін.
Кірпігіме жас тағынып жүрмін.
Жаныма зілдей өкпе-мұң артып,
Көрінген жанға шағынып жүрмін.
// Санжар Ғұлама - Әкеге арнау
(Әкесін сағынған жандарға арнаймын)